Білім күні мектеп қауымдастығын қайтадан бір ортаға жинап, жаңа оқу жылына бастау берді.
Бұл жыл Haileybury Astana үшін ерекше. Мектебімізге 15 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде мектебімізде жүздеген оқушы білім алды, түлектердің бірнеше буыны өсіп шықты, ал біздің қауымдастығымыз жылдан жылға кеңейіп, нығая түсті.
Осы 15 жыл біз мақтан тұтатын көптеген жетістікке толы болды. Түлектеріміз әлемнің жетекші университеттеріне оқуға түсіп, оқушыларымыз қолдау мен өзара құрметке негізделген ортада өсіп келеді. Қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау да мектеп өмірінің маңызды бөлігіне айналды. Бұл мектеп аумағындағы бастамалардан бастап, оның аясынан тыс жүзеге асырылатын жобалардан да көрініс табады.
Алда жаңа оқу жылы. Жыл бойы мектебіміздің тарихындағы маңызды сәттерді еске алып, қауымдастығымыздың жетістіктерімен бөлісіп, Haileybury Astana мектебінің 15 жылдығын бірге атап өтетін боламыз.
Жаңа оқу жылы және Haileybury Astana мектебінің 15 жылдығы құтты болсын!